Қазақстанда жасанды интеллект туралы жаңа заң қалай жұмыс істейді?

Қазақстанда жасанды интеллект туралы жаңа заң қалай жұмыс істейді?

9 min
7
Нейросети

Жасанды интеллект (ЖИ) қазіргі бизнестің келбетін жылдам өзгертіп, өсуіне және процесстерді оңтайландыруға жаңа мүмкіндіктер ашуда. Осы жолда оны реттеу және заңды түрде қолдану қажеттілігі де туындады. 2026 жылғы 18 қаңтарда Қазақстанда «Жасанды интеллект туралы» заң күшіне енді. Мұндай заңды Еуропалық одақ 2024 жылы қабылдаған болатын.

Бұл мақалада біз жаңа заң нені реттейтінін қарапайым тілмен түсіндіреміз, сондай-ақ Битрикс24 тәжірибесі негізінде компаниялар ЖИ-ді тәуекелсіз, айыппұлсыз және реттеуші салдарсыз қалай дамыта алатынын айтып береміз.

Жасанды интеллект дәуірі қалай басталды?

Жалпы жасанды интеллект құру идеясы заманауи нейрожелілер пайда болғанға дейін-ақ туындаған. XX ғасырдың ортасында-ақ ғалымдар машиналарды ойлауға, шешім қабылдауға және адамның мінез-құлқын қайталауды үйретуге тырысты. Осылайша 1956 жылы Дартмут конференциясында алғаш рет «жасанды интеллект» термині ресми түрде қолданылды.

Содан бері технологиялар ұзақ жолдан өтті. Қарапайым алгоритмдерден бастап, үлкен деректер көлемін талдай алатын, мәтіндер, бейнелер жасап, тіпті басқарушылық шешімдер қабылдайтын күрделі өзін-өзі үйрететін жүйелерге айналды.

Бүгінде жасанды интеллект – жай ғана тренд емес, жаңа цифрлық экономиканың іргетасы. Оны әлемнің жетекші мемлекеттері белсенді түрде енгізуде: АҚШ, Қытай, ЕО елдері. Қазақстан да осы бағытта сенімді түрде алға жылжып келеді.

Қазақстанның ЖИ-ға басымдық беру себебі

Қазақстан жасанды интеллект негізгі рөл атқаратын мемлекеттің цифрлық моделін жүйелі түрде қалыптастыруда. Мемлекеттік бастамалар, GovTech-тің дамуы, қызметтер мен бизнестің цифрландырылуы – мұның барлығы интеллектуалды технологияларды енгізудің негізін қалайды.

Елімізде ЖИ-ды белсенді дамытудың бірнеше себебебі бар:

  • Мемлекеттің цифрлық моделінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру – ЖИ процестерді автоматтандыруға, шығындарды азайтуға және бизнес тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
  • Мемлекеттік басқаруды дамыту – цифрлық сервистер жылдам әрі ыңғайлы бола түседі, адами фактор мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азаяды.
  • Инвестиция тарту – технологиялық сектор халықаралық инвесторлар үшін тартымдырақ бола түседі.
  • Инновациялық экожүйе қалыптастыру – стартаптардың, IT-компаниялардың және жергілікті шешімдердің дамуы.

Бұл дегеніміз – экономиканың өнімділігінің өсуі, IT-секторда жаңа жұмыс орындары, цифрлық шешімдер экспорты және мемлекеттің технологиялық егемендігінің күшеюі.

Бизнес және ЖИ

Енді бизнестің жасанды интеллектпен жұмысты қалай дұрыс құру керектігін қарастырайық, бұл оның мүмкіндіктерін толық пайдаланып ғана қомай, сонымен қатар Қазақстан Республикасының «Жасанды интеллект туралы» заңы аясында құқықтық тәуекелдерден, айыппұлдардан және реттеуші органдардың талаптарынан аулақ болуға көмектеседі.

Бүгінде ЖИ-ды дамыту – оны бизнеске «енгізу керек пе, жоқ па» деген сұрақ емес, «қалай дұрыс енгізу керек» деген мәселе. Себебі дәл осы кезеңдегі қателіктер бизнесті тек беделінен айырып ғана қоймай, сонымен қатар елеулі қаржылық шығындар да әкелуі мүмкін. Сондықтан кез келген компания үшін негізгі міндет – құқықтық және технологиялық бақылау жүйесін алдын ала құру.

ЖИ туралы жаңа заң

Бұл заң елде жасанды интеллектіні қолданудың құқықтық негізін қалыптастырып, адам, оның құқықтары, бостандықтары мен әл-ауқатының басымдығы туралы ережелерді бекітеді. Оған сәйкес адам, оның өмірі мен ерік-жігері жасанды интеллект жүйелерін құру және пайдалануда ең жоғарғы құндылық ретінде қарастырылады. Сондай-ақ жасанды интеллектіні пайдалану барысында әділдік пен теңдік, алгоритм ашықтығы мен түсініктілігі, жауапкершілік мәселелері талқыланып, пайдаланушыларға жасанды интеллект жүйелерінің мүмкіндіктері, сипаттамалары мен шектеулері туралы толық ақпарат ұсынылуы шарт екендігі де нақты жазылған.

Нейрожелілердің құқықтық мәртебесі

Жаңа заңға сәйкес жасанды интеллект жүйелері ресми түрде ақпараттандыру объектілері ретінде танылады. Сонымен қатар жүйені пайдалану кезіндегі барлық тәуекелдер мен жауапкершілік ЖИ жүйелерінің иелеріне, иеленушілеріне және пайдаланушыларына жүктеледі. Демек, олар қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі бойынша тексерілуі керек.

Мысалы, Битрикс24 платформасында жасанды интеллект CRM-нан бастап аналитика мен байланыстың барлық түріне ендірілген. Сондықтан ЖИ жұмыс барысы басынан бастап заң талаптарын ескере отырып құрылған.

Тәуекел деңгейіне қарай санаттарға бөлу

Жаңа заңда ЖИ жүйелерін тәуекел деңгейіне қарай үш санатқа бөледі, әр санаттың өз талаптары бар:

Төмен тәуекелді жүйелер – бұған спам-сүзгілер, ұсыным алгоритмдері, кеңсе өнімділігін арттыруға арналған қосымшалар және т.б. жатады. Олар адам құқықтары мен қауіпсіздігіне қауіп төндірмейді және қатаң бақылауды қажет етпейді.

Орташа тәуекелді жүйелер – мәтін, сурет немесе аудио жасайтын нейрожелілер (маркетинг құралдары, редакциялық көмекшілер), чат-боттар, виртуалды ассистенттер және HR-жүйелері осы санатқа кіреді. Сондай-ақ пайдаланушы талғамына негізделген тауар ұсынатын алгоритмдер – e-commerce саласындағы ұсыным жүйелері де осы санатта.

Мұндай жүйелердегі ақаулар материалдық немесе моральдық зиян келтіруі мүмкін, бірақ адам өміріне тікелей қауіп төндірмейді.

Мысалы, BitrixGPT ЖИ-көмекші ретінде қолданылады және дербес шешім қабылдамайды. Соңғы шешім әрқашан пайдаланушының өзінде – бұл компанияның негізгі ұстанымы.

Жоғары тәуекелді жүйелер – адам өмірі, бостандығы немесе негізгі құқықтары тәуелді болатын жүйелер. Мысалы, денсаулық сақтау, несие беру, сот және құқық қорғау салалары. Мұнда міндетті түрде адам бақылауы болуы керек. Машина маманның растауынсыз соңғы шешім қабылдай алмайды.

ЖИ арқылы не істеуге тыйым салынған

Қазақстанда жасанды интеллектті қолданудың кейбір тәсілдеріне қатаң тыйым салынған:

  • Сананы манипуляциялау: адамдар өзіне не айналасындағыларға зиян келтіруі мүмкін болса мінез-құлқына астарлы әсер етуге болмайды.
  • Әлсіздіктерді пайдалану: адамның жасы, физикалық немесе психикалық ерекшеліктерін пайдаланып ықпал етуге тыйым салынады.
  • Әлеуметтік скоринг: азаматтарды мінез-құлқы немесе жеке қасиеттері бойынша бағалайтын жүйелерге толықтай тыйым салынған.
  • Нақты уақыттағы биометриялық бақылау: қоғамдық орындарда адамдарды жаппай тануға тыйым салынған (ерекше жағдайларды қоспағанда).
  • Келісімсіз эмоцияны анықтау: жұмыс немесе оқу кезінде тек адамның келісімімен ғана эмоцияларын анықтауға рұқсат етіледі.
  • Дискриминация: жынысы, нәсілі, діні немесе әлеуметтік мәртебесі бойынша кемсітетін алгоритмдерге тыйым салынады.

Битрикс24-те ЖИ – адамды бақылау құралы емес, бизнеске көмекші құрал ретінде қарастырылады. Сондықтан дискриминациялық немесе манипуляциялық сценарийлер жүйеде қарастырылмаған.

ЖИ жасаған контентті қалай таңбалау керек

ЖИ арқылы жасалған кез келген контент міндетті түрде таңбалануы тиіс. Айыппұл (әсіресе заңды тұлғалар үшін) салмасын десеңіз таңбалау анық және түсінікті болуы керек. Әр контентке жеке-жеке тоқталайық:

Мәтін: «Бұл материал жасанды интеллект көмегімен жасалды» немесе ЖИ көмекші құрал, редактор ретінде болса «Материал ЖИ-ассистенттің көмегімен дайындалды» деп міндетті түрде материалдың соңында жазылуы керек.

Суреттер: Картинаның бұрышында «ЖИ көмегімен жасалған» белгісі болуы керек және файл ішінде метадерек сақталуы тиіс (Midjourney немесе Photoshop сияқты заманауи қызметтер мұны автоматты түрде жасайды).

Видео және дипфейктер: Бейне көрсетілген уақыт бойы «ЖИ-генерация» белгісі көрінуі және сипаттамада немесе алғашқы кадрда синтетикалық екені көрсетілеуі керек.

Аудио: Аудио басталмас бұрын, алдын ала: «Бұл дауыс жасанды интеллект арқылы синтезделген» деген хабарлама беріледі.

Қай кезде таңбалаудың қажеті жоқ:

  • Жеке хат алмасуда
  • Қарапайым өңдеу құралдарын қолданғанда
  • Көркем фильмдерде (егер эффектілер анық болса).

Маңызды ақпарат: нақты адамның келісімінсіз жасалған дипфейк сот дауына әкелуі, тіпті таңбаланса да бұл ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау туралы сот ісіне себеп болуы мүмкін.

Осы талаптарды бұзғаны үшін ҚР заңы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

ЖИ арқылы бизнесті тәуекелсіз дамыту жолдары

Бизнесті жасанды интеллекттің көмегімен дамыту және сақтап қалу үшін тиімділік пен заң талаптарының тепе-теңдігін сақтау қажет.

Сондықтан ЖИ дұрыс енгізу бойынша әдіснама ұсынамыз:

  1. Аудит жүргізу – ЖИ енгізбес бұрын ішкі аудит жүргізіңіз. Егер сіздің ЖИ жүйеңіз медицина мен банктік скорингке көмектессе, бұл жоғары тәуекелге ұшырауы мүмкін. Ең алдымен сізге жүйені Цифрлық активтер комитетіне тіркеу және тұрақты қауіпсіздік аудитінен өту қажет.
  2. Деректерді қорғау – ҚР Заңы ақпараттың ағып кетуі үшін қатаң жазалайды. Сондықтан ашық нейрондық желілерге (мысалы, ChatGPT) клиенттердің жеке деректерін немесе коммерциялық құпияны салмаңыз, жазбаңыз. Жабық деректер контуры бар кәсіпорын нұсқаларын пайдаланыңыз.
  3. Таңбалауды стандартқа айналдыру – егер бизнесіңізде тұтынушылармен байланысу немесе жарнама жасау үшін ЖИ пайдалансаңыз:

    - Чат-боттарда: Әңгімелесудің басында: «Сәлеметсіз бе! Сізбен сөйлесіп отырған ЖИ–көмекші» деп жазыңыз.

    - Маркетингте: Нейрондық желілер жасаған суреттерге «жасанды интеллект» деген белгі қойыңыз. Бұл сізді тұтынушыларды адастырғаны үшін айыппұлдардан қорғайды.

  4. «Адам бақылауын» енгізу – мәселе адам құқықтарына қатысты болса соңғы шешімді алгоритмге қалдырмаңыз. Әрқашан ЖИ шешімін екі рет тексеріп, шешімін түзей не жоя алатын қызметкер болуы керек. Бұл орташа және жоғары тәуекел санатындағы жүйелер үшін міндетті талап. Техника адам емес, ұмытпаймыз.
  5. Зияткерлік меншік құқығын рәсімдеу – Қазақстанда ЖИ жасаған контент авторлық құқықпен қорғалмаған. Сол себепті алдын ала әрекет етіңіз. Мысалы, жасаған логотипіңізді немесе кодыңызды қорғау үшін редакциялау барысында «адамның шығармашылық үлесі» болғаны туралы жазыңыз.
  6. Этикалық кодекс құру – жасанды интеллектті манипуляциялау немесе кемсіту үшін пайдалануға тыйым салатын ішкі құжат жасаңыз. 2026 жылы бұл тек этикалық құжат ғана емес, сот ісінен сақтанудың бірден-бір жолы.
Жанғали Байғалиев
Битрикс24 Қазақстан компаниясының заң кеңесшісі
Рекомендуем
Показать еще